Ғалымжан Молданазар: Фонограмма – ол алдау.

Жариялаған: , уақыты 02.03.2018 , 426 рет оқылды

Өзіндік ерекше стилімен жүретін Ғалымжан Молданазар Ләйлә Сұлтанқызы жүргізетін «The эфир» бағдарламасына берген сұхбатында шоу-бизнеске көңілі толмайтынын және дәстүрлі әншілерге ренішін жеткізді.

Оның пікірінше, фонограммамен ән айтатын әншілер халықты алдауымен тең. Тыңдарманның да оған көңілі толады, сахнадағы әншіден талап етпейтінін айта:

«Шоу-бизнесте ұнамайтын тұстары бар. Сондықтан продюсер ұстамаймын. Тыңдармандарды алдағанды жек көремін. Сахнаға шыққан әнші өз дауысымен ән орындауы керек. Бірақ біздің халық та, әншіге талап қоймайды. Сондықтан да әншілер өздерімен жұмыс жасамайды. Егер халық фонограммасыз ән керек деп талап қойса, онда олар да ойланар еді», – дейді.

Сондай-ақ әнші қазіргі эстрада сахнасындағы кемшіліктерді айтып берді. Халық «ақша төледік, таза дауыспен ән айт» әншілерден сұрамағандықтан, олар да өз орнында қалып қойған деген пікірде.

«Қазір дәстүрлі әншілер эстрада әншілеріне, басқаларға көп ренжиді. Олардың пікірінше, дәстүрлі әндер ұмытылып бара жатыр. Бірақ, бұл эстрада әншілерінің кінәсі емес. Өздерінің кінәсі. Себебі, олар өздеріне салақ қарайды. Қарындары шығып кеткен, беттері табақтай. Ал олар баяғы киіммен киініп алып, бір орында тұрып ән айтады.

Әр өнер, пиарды талап етеді. Дәстүрлі әншілер ақша құртқысы келмейді. Сөйте тұра өзгелерді кінәлайды. Қазір техника дамыған, адамды қызықтыратындай түрлі дүниелер түсіруге болады. Сол арқылы тыңдарманның жүрегіне жол табу керек. Сонда ғана жастар болсын, басқалар болсын, сіздің дәстүрлі әніңізді тыңдайды», – деді Ғалымжан Молданазар. 

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.