Ерлан Біләл кешіріммен қарап, жазасын жеңілдетуді сұрады

Жариялаған: , уақыты 26.01.2018 , 1 357 рет оқылды

Ерлан Біләл алған парасын қайда жұмсағанын айтты. Бұл туралы “КТК” арнасы хабарлайды.

Бір жарым миллион теңге парамен ұсталған Әуезов театрының директоры бүгін сол ауызбастырықты қайда жұмсағанын айтты. Сотта жауап беруді бастаған Ерлан Біләл қыруар ақшаны пара емес, сыйлық деп ойлаған екен. Әрі 20 жылдан бері араласып жүрген адамға сеніп, ақша да сұраған емеспін деп ақталды атышулы актер. Десе де бар кінәсін мойындап, өкініп отыр. Еске салсақ, Ерлан Біләл балаларға арнап жаңа жылдық қойылым қою үшін сахнаны жалдаған «Сезам» театры басшысынан ақша алып жатқан жерінде ұсталған болатын.

Жиырма күннен бері талай жылдарғы еңбегі емес, бір мезеттік пендешілігі ел аузында жүрген актер жұтаң тартқан. Десе де, «пара алды» деп айыпталып жатқан атақты әртісті әріптестері сотта да тастап кетпеген. Ең жақын туысы ретінде кілең театр майталмандары келді. Ал Ерлан Біләлді парамен ұстап берген де өзінің жиырма жыл бойы жақын араласқан әріптесі. Бірақ неге екені белгісіз, Қайрат Баянов бүгінгі отырысқа келген жоқ. Онысы да бекер болмаса керек. Өйткені, балаларға қойылым қоймақ боп, театр сахнасын жалдаған “Сезам” театрының басшысы бір жарым миллионды қояр да қоймай өзі тықпалады дейді Біләл. Сөйтіп, біріншісінде  600 мың, сосын 900 мың теңгені «рахметім» деп берген көрінеді. Алайда, соңғы сыйластығы Біләл үшін «ұмытылмас спектакльмен» аяқталған.

-Сол болашақ үшін бір шөмшектей, бір кірпіштей болса да кесек қалап кетсем, армансызбын.

900 мың теңге тұтқындау кезінде тәркіленген. Қазір ол ақша айғақ ретінде сейфте. Қалған 600 мың теңгені әртіс қарыздарына таратып беріпті. Осылайша, шынын айтып, сотта ағынан жарылған Біләл өзіне кешіріммен қарап, жазасын жеңілдетуді сұрап отыр. Ал артынан ерген інісін қолдап келген кино және театр майталманы -Асанәлі Әшімовтың әртіске қиянат жасалғанына сенімді.

Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық артисі:

Ит иттігімен қалады. Жаман пиғылды адамдар сол жаман пиғылда қалады. Бүгін алмаса ертең жазасын алады. Құдай жазалайды. Мен мына соттың орында болсам, мен соларды соттар едім.  Іштарлық деген бар ғой, іштарлық, қызғаныш.  Өзімнің ойым, жұрттың көбісінің ойы сондай ұйымдастырған ғой!

Осылайша, Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?..» қойылымында Құнанбай рөлдерін сомдаған актер енді өзі бас кейіпкерінің күйін кешкен. Соңғы сот отырысы бес күннен кейін болады деп күтілуде. Әртістің тағдыры сонда шешілмек.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.