“Бала дауысы – 2017” Жұлдызды үйде, жаңа жұлдыздар

Жариялаған: , уақыты 10.10.2017 , 205 рет оқылды

“Бала дауысы – 2017” жобасы биыл екінші рет өтпек. Жоба ұйымдастырушысы Алия Назарбаеваның “Жандану әлемі” фондының аясында өтетін балалар байқауы биыл жаңа форматта. Әуелі, «БАЛА ДАУЫСЫ» деген не? Осы сұрақтарға қысқаша жауап берсек. (Жобаның ресми парақшасынан)

«БАЛА ДАУЫСЫ» – Ұлттық балалар ән байқауы

«Бала Дауысы» – еліміздің 7 және 13 жас аралығындағы жас дарын иелерінің ән мерекесі!

«Бала Дауысы» – Мемлекеттік тілде шығарылатын балаларға арналған жаңа әндер!

«Бала Дауысы» – жас композиторларға өзін елімізге танытатын таптырмас мүмкіндік!

«Бала Дауысы» – ұстаздарға тегін оқу-тәжірибелік сабақтары мен шеберлік сыныптарын жүргізу!

«Бала Дауысы» – Қазақстан эстрада жұлдыздары және кішкентай талант иелерінің қатысуымен өтетін керемет шоу!

Елбасының қоры қолдауымен өтетін бұл жобаға биыл да барлығы 3871 үміткердің ішінен іріктеліп, ақтық сыңға ең дарынды деп саналған 18 қатысушы өткен.18 қатысушының ішінде 2 дуэт бар, 16 номер болмақ. Әр қатысушының  жұлдызды демеушісі, тәлімгерлер қатарында елімізге белгілі әншілер: Толқын Забирова, Медеу Арынбаев, Дильназ Ахмадиева, Мөлдір Әуелбекова, Айқын Төлепберген, Луина т.б бар. Қазір балалар “Жұлдызды үйде” ата-анасыз, үлкен дайындық үстінде. Жұлдызды үйге біздің де парақшамыз қонаққа барып, болашақ жұлдыздармен тілдесіп қайтты.

Биманова Назгүл, Ақтөбе облысы

  • Назгүл, сәлем! Сенің жұлдызды тәлімгерің кім?
  • Сәлеметсіз бе! Меніің тәлімгерім Нұржан Керменбаев.
  • Керемет. Тәлімгеріңмен танысып үлгердің ба? Теледидардағы Нұржан мен өмірдегі Нұржан қандай екен?
  • Иә, таныстым. Негізі Нұржан ағаның барлық әндерін біле бермеймін. Бірақ керемет әнші екенін, өзі де осындай байқауларға қатысқанын білемін. Балаларды жақсы көреді, бізге деген қарым-қатынасы ерекше. Екеуміз дуэт болып, “Жылайды жүрек” әнін орындайтын боламыз.
  • Махаббат әнін орындау қиын болмайды ма? Жалпы дайындығың қалай? Жеңіске деген ұмтылысың қаншалықты?
  • Махаббат әнін Нұржан ағамның көмегімен орындау қиын болмайтын шығар деп ойлаймын. Дайындық қызу. Әр күніміз дайындықпен қатар достарымызбен ойын ойнап өтуде. Меніңше, осындағы әрқайсымыз жеңіске лайықпыз, дегенмен жеңген тіпті керемет қой (күліп).
  • Назгүл, біз де саған жеңіс тілейміз! Болашақта үлкен жұлдыз болады деген сенімдеміз. Сонда, ең алғаш “Жұлдыздар әлемі” порталына сұхбат бергенмін деп бізді есіңе алғайсың. Сәттілік!

Жұлдызды үйдің ең тәттілері, Алматы қаласынан,  Сапарбай Нұрлыбек пен Касенова Жанель. Тәлімгер – Мадина Садуақасова

  • Нұрлыбек, Жанель сендерге “Жұлдызды үй” ұнап жатыр ма? Үйді сағынған жоқсыңдар ма?
  • Иә, бізге қатты ұнайды. Мұнда біз көп достар таптық, дайындықпен қатар көңіл де көтереміз. Сағындық. Бірақ, достарымыздың арқасында қатты ойланбаймыз, мұнда қызық.
  • Сендер үшін тәлімгерлерің қандай? Дайындықтарың қандай?
  • Ол – нәзік, әдемі, сәнді. Өзімен қатар даусы да нәзік. Бізді жақсы көреді, жұмыс жасағанда да қатты қатал емес, махаббатымен үйретеді.Қазір қызу дайындалып жүрміз, осы жоба арқылы әйгілі әнші болғымыз келеді. Тезірек өз әнімізді жазсақ екен деп жүрміз.
  • Әйгілі әнші болып, осы жобада жеңіске жетсеңдер, кімге арнайсыңдар жеңісті?
  • Отбасымызға, осындағы бізді үйретіп жүрген тәлімгерлер мен ұстаздарымызға.
  • Сұхбаттарыңа рақмет! Сендерді биіктен көре берейік!

“Бала жүрегі пәк”, – демекші қатысушы бүлдіршіндердің жеңіспен қатар, ел алдына шығуға құштарлықтарының басым екені сезіліп тұрады. Әр қатысушы өнерлі, болашағынан үміт күттіретін балалар. “Бала дауысы” жобасының ғұмыры ұзақ болса екен дейміз. Себебі, нағыз таланттардың тұсауы осында кесілмек!

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.