Бибігүл Дәулетбекқызы Ринат Кертаевтың айыбын жайып салды

Жариялаған: , уақыты 09.08.2017 , 527 рет оқылды

Белгілі журналист Бибігүл Дәулетбекқызы «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасының орынбасары Ринат Кертаевтың айыбын жайып салды. Автордың айтуынша Ринат Думанұлы идеясын ұрлап алған. Кейін кешірім сұрап, басқа жобаларын сатып алатынын айтып, уәде беріп, бірақ уәдесін сол күйі ұмытып кеткен. Ашынған журналист мұны желідегі «Деградация! Қазақ журналистикасының өлгені ме?» деген атаумен жариялаған жазбасында айтқан. Бұл туралы Reactor.inform.kz хабарлайды.

«Бір тұщымды хабарлар жоқ. Салмақты хабарымды шығарғым келген еді 2-3 жыл бұрын. Хабардағы Ринат Кертаев “Ай-хай, 25” ток-шоуымды, “Пай-пай, 25” етіп өзгертіп, айды аспанға шығарып, эфирден көрсететінін де былтыр осы Фейсбуктан білдім (Ринатты айтамын да “сүйіншілетіп” қояды). Бірақ, басы біраз дауға қалды. Ол бағдарламаның авторы мен екенін әріптестерім жазды. Алайда, Ринат мырза менің нөміріме хабарласып:

– Бибігүл, келісімге келейік, өтініш?! Екеуміз қазір бет жыртысқаннан ештеңе өнбейді,- деп, мені кездесуге шақырды.
“Болары болып, бояуы сіңіп” кеткен хабарымды иемденгенін білгенімде, әрине қатты ызаландым. Жылап та алдым. Бірақ, Ринат 2016 жылғы бюджеттен ақша қарастырып, басқа бағдарламаларымды сатып алатынын айтқаннан соң, бітімге келдім. Алайда, кабинетінде қолын беріп, уәдесін айтқан Ринат Кертаев “еркектік” сөзінде тұрмады. Міне, бұл бір ғана мысал.

Мен секілді талай журналистердің тауы шағылып жатқаны қаншама? Ринаттың ұяты білсін. Бұл дүниеде – атақ-мансап мәңгілік емес! Өмір – алма-кезек. Бүгін креслода ол отырса “қонжиып”, ертең мен отырамын. Бүгінгі күнмен өмір сүрген телеарна басшыларының талайын көрдім. Қазір шіреніп отырады, ертең бүгіліп кетеді. Кеше ғана зәрін төгіп, қаһарланғандардың да, ертесіне мәймөңкелеп кететінін де уақыт көрсетті.

“Бибігүл айналайын, өсектің жетегінде кеттім, ағаңды кешір”, – деген басшыларым да болды.

Мен кешірімдімін. Бірақ, идея ұрлаушылардың өмірі керемет болып кететініне сенімсізбін. Сол плагиатшыларға 2010 жылы шыққан Францияның “БЕЗ УЛИК” деген фильмді көруге кеңес беремін. Бірақ ондағы кейіпкердің адамгершілігі бар, ұяты жібермей, талай жылдар бойы күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылады. Біздікілер секілді “бір күндікпен” өмір сүрмейді.

Эфирдің ластануына да осындай басшылар кінәлі. Олардың бастарында тек – рейтинг тұр. Авторлық құқығымыз баяғыда тапталған. Басында идеясы жоқ, плагиатпен жұмыс істейтін қазақ басшылары тұрғанда, осылай телеарналар құрдымға кете бермек. Бұл деградация!»-дейді Бибігүл Дәулетбекқызы.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.