Алиxан Байсұлтанов: Саxнада “маска” киюге тура келеді

Жариялаған: , уақыты 17.05.2017 , 1 711 рет оқылды

Бүгінгі “Жұлдыздар әлемі” порталында жас әнші, актер “Айгөлек” жобасы арқылы танылған Алихан Байсұлтановтан сұхбат алған болатынбыз, ендеше сұхбатты оқып пікірлеріңізді білдірерсіздер.

– Сіз үшін шоу бизнестің жағымды жері қандай?

– Ең басты жағымды жері – танымалдық. Шоу бизнесте жүрген адамның ойлау өрісі кеңейеді. Халықпен жиі байланыста боласың, тілдесе аласың. Көптеген беделді адамдармен танысасың, араласасың, сөйлесесің. Мен үшін жағымды жері – осы.

– Өнердегі Алихан мен өмірдегі Алиханның айырмашылығы қандай?

Айырмашылық айтарлықтай аса көп емес. Мен өнерде, яғни сахнада өзімді қалай ұстасам, өмірде де солай ұстаймын. Мәселен, сахнада тұрып халқыма еркелеймін , ойымды ашық айтамын, өзімді позитивті ұстаймын және өмірде де дәл солай.

– Айырмашылық аса көп емес дейсіз, демек бар. Солай ма?

Негізі бар, иә. Ашық айтсам, сахнада «маска» кию керек болады, өзіңнің көңіл-күйіңнің түсіп тұрғанын байқатпайсың. Өмірде бәрі шынайы.

– Сізді жұрт әнші, актер және тележүргізуші ретінде таниды. Сізге осы үш саланың қайсысы жақын?

Жақыны, әрине, әншілік жағы. Себебі, жеті жасымнан бастап ән айтып келемін. Мені әнге алғаш алып келген музыка пәнінің мұғалімі – Шолпан апайым болатын. 2008 жылы ең алғаш «Әнші балапанға» қатыстым. Қыдырәлі ағамның көзіне түсіп, ол кісімен танысып жұмыс істей бастадым. Он жасымда «Айгөлекке» ән айтып қатыстым. Лауреат атанғаннан кейін, кастингке шақырып, жүргізуші болдым. Пысықтығымды көргеннен кейін, «Базарбаевтар» сериалына шақырылдым. Ал, осының барлығына ән айтып келгендіктен, маған ән айту жағы жақынырақ.

– Продюсеріңіз әлі де Қыдырәлі Болманов па?

Жоқ, қазір ол кісімен жұмыс жасап жатқан жоқпын, дей тұрғанмен де ол кісі менің продюсерім болмаса да, өнердегі де, өмірдегі де ағам болып қала береді. Қазіргі таңда “Өнер қырандарындағы” Әнуар Шынықұлов ағаммен жұмыс жасап жатырмын. Ол кісі менің администраторым. Одан кейін Бауыржан Бакиров деген музыкант ағаммен жұмыс жасап жатырмыз. Ресми түрде продюсерім жоқ.

– Қыдырәлі Болмановпен жұмыс жасағанда араларыңызда келісімшарт болды ма?

Болмады, тек аға-інілік жұмыс болды. Яғни, басынан сондай келісім болды. Ол кісінің қасында жүру – үлкен бақыт. Ондай беделді кісілердің қасында әңгімелесіп тұрудың өзі үлкен жетістік деп айтсам болады. Себебі шет елді көрген, бағындырған, талай жерде Қазақстанның туын желбіреткен мықты кісілер. Ол кісілердің жоспарлары, шоу бизнеске деген көзқарастары мүлдем басқаша. Қыдырәлі ағаммен менде әлі күнге дейін Астанаға барсам үйіне барып, жолығып, өзімнің жоспарларымды айтып, ақылдасып тұрамын.

Қыдырәлі ағамыз, барлығымызға белгілі, шет елдерді бағындырды. Жақында ғана Димаш Құдайбергеновтің шет елге барып, атақ-абыроймен келгенін білеміз.

– Сіз неге бармайсыз?

Димаш ағамыз, қарап тұрсаңыз, үшінші курста оқиды. Менің вокалдан беретін апайым айтатын: «Әрбір карьера 25-30 жаста басталады» дейді. Расымен де ол кезде адам өзіне нақты не керек екенін біледі. Димаш ағамның жасы қазір 20-дан асқан, карьерасы енді басталып жатыр. Оның үстіне музыкалық сауаты бар, білімі мықты, Құдайдың берген таланты бар, бағы бар. Сондай дәрежеге жету үшін, ең алдымен маған музыкалық сабақ алу керек, көп шыңдалу керек, көп дайындалу керек. Содан кейін барып, шет елдердегі жарыстарға шықса болады деп ойлаймын. Көз ашқалы бері конкурстарға қатысып келемін, болашақта да жоспарлар бар. Осы аралықта мен ер балалардың дауысы өзгеретін кезеңінен енді өтіп жатырмын. Даусым өзгерді, кейде жоғары ноталарға жетпей қалатын кездерім болады. Сондай ауытқулардан енді-енді шығып келе жатырмын.

– Уатсап желісінде неге басты суретіңізде Джастин Тимберлейк тұр? Сонда қазақ әншілеріне қызықпайсыз ба ?

Менің 4-5 жасымда Джастин Тимберлейктің әндері хит болып жатқан кез еді. Сол кезде сол кісіге қарап, еліктеп билейтінмін. Негізі сол шетелдіктерді көріп өстім. Қазақ әншілерінен Сәкен ағама қарап өстім.

Ал, неге Джастин аваңызда тұр деген сұраққа жауап берер болсам, мен Қазақстанда ғана емес шетелде де танымал болғым келеді. Сондықтан, сол кісілердің жанында жүріп, сол кісілермен бірге дуэт айтуды да армандаймын. Ашығын айтқанда сол кісіге еліктеймін.

– Бимен тұрақты түрде айналысасыз ба?

Иә. Бірақ биден арнайы сабақ алмадым. Балабақша кезінен, мектеп жасынан бастап еліктеу арқылы туған өнер десем болады.

‎- ҚазҰУ-ды таңдауыңыздың себебі неде?

Айтпасақ та белгілі, ҚазҰУ – қара шаңырақ. ҚазҰУ-ға келмес бұрын, Жүргенов академиясына бардым. Ол жақта оқуға тапсырып, іріктеуден өттім. Дегенмен де маған ұнамады, оқығым келмеді. Басқа арманым болды: шетелде оқу. Ал шет елде оқу үшін мен басқа бір мамандықты бітіруім керек болды, содан кейін аға-әпкелеріммен ақылдасып ҚазҰУ-ды таңдадым. Оның ішінде «психология» мамандығын таңдадым. Бәрі сәтті болып, оқуға түсіп кеттім.

Неге “Психология”?

Менің арманым шет елде оқу деп тағы да айтайын. Ал ол жақта мен режиссура мамандығына түскім келеді. Режиссураны оқытқанда ол жақта міндетті түрде алдымен психологияны оқытады. Себебі, сценарий жазғандағы ең бірінші керек нәрсе болып саналады. Естуім бойынша, ол жақтың режиссерлары бір «шляпаны» қойып, соның психологиясы мен философиясын анықтатады екен.

Осы нәрсе үшін сізге психологияны төрт жыл оқу керек болды ма?

Әрине. Мен осы жақтан психологияны толықтай меңгеріп алатын болсам, ол жаққа барғанда оңай болатынына сенімдімін.

Демек, магистратураны психология мамандығы бойынша жалғастырмайсыз?

Бұйырса, шет елде режиссура мамандығы бойынша жалғастыратын боламын.

Неге шетелде? Неге Қазақстан емес? Әлде біздегі оқыту жүйесінің болашағына сенімсізсіз бе?

Барлығы қосылатын шығар, біздің елдегі төрт жыл оқытатын нәрсені, шетелде екі жылда оқыта алады. Шетелде оқу қатты дамыған, білім процесі өте жүйелі. Сондықтан, шетелде оқығым келеді.

Шәкіртақы аласыз ба?

Иә, шәкіртақы аламын. Корпус қалашықта бола ма деп ойлап едім, бірақ сырт жақта болып шықты. Алматынікімін, үйім бар, бірақ не болса да көрейін деп, студенттік шақтың дәмін татайын деп жатақхана да алдым.

Сабаққа жатақханадан барып келу қиын емес пе? Одан да үйден барайын деп ойламадыңыз ба?

Керісінше, жақсы. Студенттік өмірдің қызығын да, қиыншылығын да көріп жатырмын. Бәрін де көру керек қой.

Тамақ жағы қалай болып жатыр?

Бұл бір қызық болды. Әпкелеріме телефон соғып «менде осындай азық-түлік бар, енді бұны қалай жасаймын?» деген сұрақтар қоямын. Бірақ, шүкір, қазір тамақ пісіруді үйрендім. Бұған дейін де өз бетіммен жүріп үйренгенмін, бірақ студенттер үйінде тұру мені одан сайын шыңдады, шыны керек. Өзімнің киімдерімді өзім үтіктеп, ыдысты да өзім жуып, тамақ жасап үйрендім.

Инстаграм парақшаңыздан көріп қалдым, «фирменный тамақ» әзірлеп жатырмын депсің?! Ол қандай тамақ? Әлде ол кезде де студенттердің «фирменный тамағын» әзірлеп жатыр ма едіңіз?

Мен үшін фирменный тағам, әрине, – ұлттық тағамымыз ет, одан кейін өзімнің сүйікті асым мәнті, лағманды жатқызамын. Ал қазіргі таңдағы «фирменный тамақ» – қытай лапшасы. Тіпті жемесем сағынатын болыппын.

Бойыңда өзгерткіңіз келетін қасиеттер бар ма?

Бой демекші, бойымды өсіргім келеді (күліп). Мені қатты алаңдататын нәрсе осы болып тұр. Халық айтып жатады: «Сен теледидардан көргенде ұзын сияқты көрінесің, өмірде кішкентай екенсің» деп. Әрине, ол сөздер кейде ауыр да тиіп жатады. Сондықтан, бірінші кезекте бойымды, одан кейін ойымды өзгерткім келеді. Тағы да өзгерткім келетін қасиеттер бар. Келе-келе өзгере де жатар. Оны кейінірек айтармын…

Өнерде алты жасыңыздан бастап жүрсіз. Балалық шағыңызды өнерге арнғаныңызға өкінбейсіз бе?

Жоқ, еш өкінбеймін. Себебі мен барлық жағынан үлгердім деп айта аламын. Ойнап та үлгердім, оқып та үлгердім, түсірілімдерге де барып үлгердім. Кейде замандастарың жылы төсекте ұйықтап жатқан кезде, біз сол түнгі уақытта түсірілім алаңында жүретінбіз. Бірақ демалыс уақыттарында балалармен ойнауға да баратынмын. Сондықтан бәріне де үлгердім десем қателеспеймін.

Отбасыңызда өнер адамдары бар ма?

Анамның домбыра аспабы бойынша музыкалық білімі бар. Сол мамандығы бойынша қазір балабақшада музыкант болып жұмыс жасайды. Ал әкем спортсмен. Бокс саласында.

Ал өзіңіздің боксқа қызығушылығыңыз бар ма?

Әрине, кішкентай кезімде әкем үйреткен. Бокспен әлі де әуестеніп келемін. Ара-тұра әкеммен бірге жаттығып, дайындалып та тұрамыз. Тағы бір жағымды жері ән айтуға да ықпал етеді.

Сәтсіздікке ұшырап көрдіңіз бе?

Иә, өте көп сәтсіздіктер болды. Кастингтен өтпей қалу, жобаларға қабылданбай қалу сынды сәтсіздіктер болды, бірақ оның бәрін айтарлықтай сәтсіздік деуге келмес, себебі мұның бәрі майда-шүйде нәрсе. Тіпті оқуға түспей қалсам да ол сәтсіздік емес. Ол тағдыр деп білемін. Қандай сәтсіздікке ұшыраса да, адам оған еш мойынсұнбау керек. Сәтсіздік деген мен үшін ата-анамды ренжіту, ата-анамның маған риза болмауы. Осы нәрсе мен үшін сәтсіздік. Бұндай сәтсіздіктерден Аллам өзі сақтасын.

Сабақ жағы қалай? Ол да сәтті ме? Мұғалімдер қалай қарайды?

Кейбір қатал мұғалімдер бар, ол кісілердікі де дұрыс. Маған ескертіп, мені қамшылап жатпаса, менің құтырып кетуім де мүмкін. Сондықтан, мені арасында жөнге салып тұрады. Түптеп келгенде, апайларым жақсы көзқараспен, түсінушілікпен қарайды. Ризамын. Аттарын атап өтсем де болады: Света Бердібаева, Алия Болтаева атты апайларыма рақмет айтамын. Бағамды да керек жерлерінде қойып беріп отырады, оның несін жасырайын.

Бірақ, қоймайтындары да бар ма?

Ол кезде шынымен еңбектену керек болады. Дәптер толтырып, түнімен оқып, арнайы барып тапсырып, осылайша баллды аламын.

Үздік білімгерлер шәкіртақысын аласыз ба?

– Жоқ.

Неге?

– Себебі, сабақтан шыға салып, студияға барып, ән жаздырам. Күзге дейін он әндей дайын тұру керек деген сияқты мақсаттар бар. Алға сондай жоспар қойдым. Шүкір, бір айдың ішінде екі-үш ән жазып тастадым. Былайша айтқанда уақыт тапшы.

Шәкіртақыны қайда жұмсайсыз?

Әрқалай. Кейде бағана айтқан макароннан да жалығасың ғой! Сол кездерде барып достарымызбен отырып бір 10-15 мыңға тамақтанып аламыз. Сонымен-ақ кетіп қалады.

Бірақ табысыңыз бөлек және көбірек?

Иә, шүкір. Концерттерден, тойлардан, жобалардан жеке түсіп тұрады және эфирге де шыққан сайын түсіп тұрады.

Бұрын Қыдырәлі Болмановпен жұмыс жасағанда сол кісінің әндерін айтатынсыз. Қазір талғам басқа. Жақында «Той көйлек» атты әніңіз жарыққа шықты. Неге «Той көйлек»? Неге той әні? Той бизнестің қызықтырып жүргені ме?

Бізде қазір бір жақты ойлар бар. Тойға шығып «халтурный» әнші болып кетті дегендей…  Мен оны да құптаймын. Негізі сахнада тойдың әндерін айтқым келмейді. Бізде тыңдаушылар бөлінеді дегендей. Әрқайсысының жүрегіне жағатын ән керек. Мәселен мен «Той көйлек» әнін тек тойда айтатындай етіп жаздым. Одан кейін қазір басқа әндер де шығып жатыр. Сейфуллин Жолбарыс ағам да ән беріп жатыр. Ал бұндай әндерді тек сахнада шоу жасайтындай қылып дайындап жатырмын.

Сізге әнді өздері беретіндер кім, сіз өзіңіз сұрап алатындар кім?

Сұрап алатын Жігер Ауыпбаев, Ерген Айтымбетов деген ағаларым бар. Олардың музыкалық қабілеті өте жоғары және менің әнге деген табиғатымды да жақсы түсінеді. Ал өздері беретін ағаларым Сейфулин ағам, Серік Сыздықов сынды ағаларым бар. Сосын арасында шет елдің үздік әндерін алып жатамыз сөзін ауыстырып…

Сіз айтып отырған табиғатыңызға жақын әндеріңіздің көбісі «сүю, күю» емес пе?

Маған Қыдырәлі ағам махаббат тақырыбы ешқашан өлмейді деп, маған 14 жасымда махаббат туралы ән жазып берген болатын. Сол кезден бастап айтып шықтым, бірақ негізі мен көбірек стандартты тақырыптан гөрі ерекше, еркін тақырыптағы әндерді ұнатамын.

Өнер қырандары құрамындасыз, қалай болды? Қалай бардыңыз? Өздері шақырды ма?

Мен 6-сыныпта оқып жүргенде Қыдырәлі ағаммен ән айтып жүрдім. Сол кездерде әр жаққа концертке жіберетін. Администраторыммен концерттерге барған сайын “Өнер қырандарындағы” ағаларыммен таныстым. Амандасып, хал сұрасатын дәрежеге жеттім. Дайындықтарына бардым, офистеріне барып тұратын болдым. Ол кезде мен Базарбаевтар, Бапкер, т.б. сериалдарда ойнап жүрдім. Кейін маған «Осындай кішкентай роль бар, алып шығайық» деп ұсыныс тастады. Мен келістім. Ол кезде телевидение болмайтын, яғни съемка емес. Тек заказдармен концерттерге шығып жүрдік. Ақырындап сол кіші рольдардан бастап, әлі күнге дейін жалғастырып жатырмын. Осылай басталған болатын, ал былайша арнайы шақыртумен барған жоқпын.

Вокалдан арнайы сабақты кімнен аласыз? Көп төлейсіз бе?

Вокалдан Лиза деген апайдан сабақ аламын. Ғаділбек Жанай, «Ринго» тобының әншілері, Али Оқапов сынды ағаларыма сабақ беретін өте тәжірибесі мол кісі. Ал төлем жағына келсек, иә, көп төлеймін. Сабағы қымбат (күліп).

Сіз көп жылдан бері әнмен шұғылданып жүргеннен кейін «расспевкасыз» айта беретін шығарсыз?!

Расспевка өте керек нәрсе. Айта беремін, әрине, бірақ фальштар көп кетеді, ал арнайы жаттығуларды жасайтын болсам, біраз жоғары ноталарға барса болады.

Сіз түскен сериалдарда рөлдеріңізді қаншалықты аша алдым деп ойлайсыз?

Базарбаевтарға түскен кезде, өте көп минустар кеткен. Қазір де мен ол сериалды көріп отырған кезде, күлем, қысылам, себебі сол кездегі минустарымды көріп отырамын. Көп жерінде жасанды ойнағанымды байқап отырамын. Ол сериалға мен кастингтен өтіп кеттім. Ал кейін «Әке» телесериалына түскенімде, шет елдің Джейсон Стетхон деген актерінің кілең боевиктерге түскен киноларын көріп, соған еліктеп, көбірек зерттеп, соның мимикаларын шығарып, сол рөлді алып шықтым деп айтсам болады. Себебі, оны режиссердің өзі мойындады. Режиссер мойындаса, халық мойындады деген сөз.

Режиссерлер сізді жиі мойындай ма?

Иә, жиі мойындап тұрады, шүкір. Жақсы ойнайсың дейді. «Жақсы актер режиссерға өзі ұсыныс тастап жүреді» дейді режиссер ағаларым. Менде сондай кездер көп кездеседі. Яғни, режиссердан талап етіп емес, мен режиссерға сұрап жүремін, мына жерін қалай істесем болады деген сияқты ұсыныстар тастап жүруге тырысамын. Көп режиссерлардың көңілінен шығып жатамын.

Жұлдыз ауруы қай кезеңдерде болды?

Болды, бірақ көп емес. Себебі түбегейлі ауырып кеттім деп айта алмаймын. Жөнге салып тұратын аға-әпкелерім болды. Жұлдыз ауруы болғанда, автобусқа отырмаймын деген кездерім болды. Себебі халық танып қояды, ұят болады деген сияқты ойлар болатын. Осыны мен жұлдыз ауруы деп ойлаймын. Дей тұрғанмен де, статус деген бар ғой, ал оны түсірмеу керек.

Қазір автобусқа отырасыз ба?

Автобусқа отырамын. Вокалға барған кезде автобусқа отырып барамын. Метроға да отырамын. Қазір бұрынғы кездегідей қоғамдық көліктерден қашпаймын.

Сыртта көрген адамдар танып, суретке түскісі келіп жататын кездер көп бола ма?

Иә, шүкір, танып жатады. Ондай маған ұнайды, себебі танылудың өзі жетістік. Танылдың, демек мойындаттың деген сөз. Бірақ көп мойындаттым деуге ерте, толықтай мойындата қойған жоқпын. Жай ғана халыққа танылдым. Мен соған ризамын. Танып, суретке түсіп жатса, оған еш қарсылығым жоқ.

Сізді «Айгөлекті» жүргізіп жүргеніңізде көбірек таныды. Әлі де болса сол танымалдығыңызды жоғалтпадыңыз ба?

Халық көріп қалған жағдайда, әлі күнге дейін сен «Айгөлекті» жүргізетін баласың ғой дейді. Ол проектті бітіргенімізге үш жылдай уақыт болып қалды. Көбісі «Айгөлектен» таниды. Ән әлемінде көп адам біле қоймайды, себебі әнді мен съемкаға емес, сырттай болатын жарыстарға қатысқанда айтатынмын. Айгөлек эфирдан көрсетілгеннен кейін, солайша халыққа танымал болдым. Халық мені көбінесе актер, тележүргізуші деп танып қалған. Тіпті кейбіреулері «сен ән айтады екенсің ғой, иә?!» деп таңырқап жатады. Қайта сөйтіп айтқандарына да рахмет, бір жағынан.

Сізді көлік маркасын айыра алмайды деп естідім. Неге?

Иә, шынымен де көп айыра алмаймын. Мен өзіме ұнайтын нәрсенің ғана атын жаттап аламын. Мәселен, маған «Mersedes s klass» деген көлік ұнайды. Болды, мен сонымен ғана жүрем. Басқаларын зерттеп, ойламаймын. Көп балалар көз ашқалы бері мультик көреді, мультик болғанда гонка көреді дегендей. Ойнаса да машинамен ойнайды. Мен кішкентай кезімнен ондайға еш әуестенбегенмін. Кіші кезімнен фантазиялық мультфильмдер көретінмін. Ойды дамытатын, ойландыратын мультиктер көретінмін. Ал көбісі, балалықтың арбауымен эпизоды емес, тек суреті қызық болатын мультиктер көретін. Одан кейін ойнап келеді дегендей. Мен тіпті ойыншықпен ойнап көрген емеспін. Ойнасам, танымал ойындар бар ғой, қуаласспақ, доппен дегендей… Ал былай компьютермен ойнап, ойыншықпен ойнау менде болған жоқ.

Демек, алсаң тек «Mersedes s klass» аласың?! Қазір көлігің бар ма?

Иә, алсам тек «Mersedes s klass» ғана аламын. Әзірге көлігім жоқ. Жүргізуші куәлігім де жоқ. Кейбір адамдар 21 жаста, кейбіреуі 18 жаста алады деп жатады. Сондықтан әлі алмады. 18-де берілетін болса әлі бір жыл бар.

Сұхбатқа дайындалу барысында, интернеттен мәлімет іздеп едім, сіз туралы мәлімет жоқ. Тек бір-екі сұхбат қана. Неге?

Менің ең үлкен минусым осы. Мен оны жақында байқап жатырмын. Кейін бір күні арнайы уақыт тауып, осы әлеуметтік желімен жақсылап жұмыс істеуге бір күнімді арнайын деп жатырмын. Себебі көп журналисттер сұхбат барысында осындай сұрақтар қояды. Мен өзім кінәлімін. Себебі, өзіме жарнама жасамаймын. Мен осыны енді ұғып, енді кіріскелі жатырмын.

Қара пиарға қалай қарайсыз?

Қара пиар жағы өте қиын. Қазақстанда менің көзқарасым бойынша әзірге қара пиар керек емес. Біз ондай деңгейге әлі жете қойған жоқпыз. Халыққа қара пиармен бір жаңалық шығаратын болсаң, халық оны шынайы қабылдап қалады. Шет елде ондай жаңалыққа таңырқап қарайды да, кейінірек ұмытылып кетеді. Ал бізде қалай? Бізде халық сол нәрсені жүрегіне қабылдап, кәдімгідей жек көріп қалады. Қазір енді біртіндеп үйреніп келе жатқан сияқты. 91 тобы бастады ғой…

91 тобына деген көзқарасыңыз қандай?

Ақырзаманның балалары ғой енді. Біз де ақырзаманның балаларымыз. Шаштары дұрыс емес, сырғасы дұрыс емес деп айтып жатыр ғой. Бірақ олар да шоу бизнестің өзгеруіне үлкен пайдасын игізіп жатыр.

Қазақстан болмаса қай мемлекетті таңдар едіңіз?

АҚШ, Голливуд! Менің Лос-Анджелесте таныстарым бар. Магазиндерде Мадоннаны көріп қалатын кездері болып қалады екен. Мен де сол жаққа барып, сондай танымал тұлғалармен кездесіп, тілдескім келеді. Сол себепті де Голливудты таңдар едім.

Шет елге барғыңыз келеді, тілдескіңіз келеді. Ал өзіңіз сол шет тілдерді қаншалықты меңгергенсіз?

Керемет білем деп айта алмаймын. Ағылшын тілінен әлі бірінші деңгейде жүрмін. Ал басқа араб тілін білемін. Сөйлей алмаймын, бірақ оқи аламын. Бұйырса, түрікше үйрену жоспарда бар. Қытай тілін бастап едім, оны да аяқтай алмадым.

Осы тілдерді толықтай меңгеріп алуға саған не кедергі?

Бірінші нәрсе – жалқаулық. Кейіннен уақыт болмай кетті. Уақыт болмаса одан сайын сылтаурата беремін. Қарап тұрсаңыз, бір жағынан театр бар, съемкалар бар, фильм, сериал болсын, ән бар, сабақ бар, жеке өмірім бар дегендей. Осының бәріне уақыт тауып жеткізу оңай іс емес.

Сізбен сұхбаттасқаныма өте қуаныштымын. Болашақта тек шығармашылық табыстар тілеймін.

Рақмет!

Сұхбаттасқан: Байбосынова Мадина

3 пікір

  1. Калжан

    23.05.2017 at 21:40

    Араб тілін білгені керемет екен))

  2. Fatima

    23.05.2017 at 21:42

    Өте қарапайым екен Димаштай танымал болсын əлемге

  3. Қолқоюсыз

    24.05.2017 at 20:35

    Керемет. Қарапайымдылығымен қатар сана сезімі жоғары. Алғаш осылай интервиюларда көріп отыратынмын, өмірде араласып көргесін, таңғалдырған тұстары өте көп. Тек қана өрлей берсін. Танымал,әрі сұңғақ бойлы болуды нәсіп етсінші саған Алла Тағалам

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.