Марат Балмырза, сазгер: Өзіңнің сүйікті ісіңді күнделікті жұмысыңа, кәсібіңе айналдырғанға не жетсін?!

Жариялаған: , уақыты 06.06.2016 , 887 рет оқылды

Сіз сазгерсіз, кейбір композиторлер “Мен сазгер емес, композитормын”-деп жатады, жалпы сазгер мен композитордың айырмашылығы бар ма?

Әрине, айырмашылық бар, өзімді композитормын деп айтпаймын. Мен кішкентай кезімнен музыка тыңдап, ән өңдеуіне әуестеніп өстім. Музыкалық академия немесе қонсерватория бітірген жоқпын, музыкалық мектепті де жарытып оқыған жоқпын, бірақ біріншіден Алланның берген азғантай таланты шығар, екіншіден адамның өзінің құштарлығы, қалауы болады, әр адам өзінің істеген ісінен ләззат алмаса, одан ешнәрсе шықпайды деп ойлаймын. Сол өзім қалаған іспен айналысып жүргеннің арқасында әндер шығып жатыр, әндеріміз енді-енді тарап жатыр. Өзімді сазгер деп айтамын және әуесқой деген сөзді жанына тағы қосамын, өйткені мен кәсіби маман емеспін.

Осы уақытқа дейін қанша ән жаздыңыз?

Шынын айтсам Алматыға келгелі 2-3 жылдай уақыт болды, бұл көп уақыт емес. Алматыға басында келгенде мен мүлдем басқа салада жұмыс жасадым, банкте, тіл мектебінде жұмыс істедім. Және осы соңғы жылдар бойы бір нәрсені түсіндім, адам өзінің ләззат алатын ісімен айналыспаса қиын болады екен, өзіңнің сүйікті ісіңді күнделікті жұмысыңа, кәсібіңе айналдырғанға не жетсін?!

Басында кішігірім студия аштым, аранжировка жасап, дауыс жазу, тазалау секілді істермен айналысып. Ал ән жазуға кішкене қорқақтап жүрдім, бірақ оның алдында жазған әндерім көп еді. Басында мен-мен деген әншілерге әнімді ұсынуға сескеніп жүрдім. Қазіргі таңда Бейбіт Кушкалиева, Ғаділбек Жаңай, Төреғали Төреәлі, Қуандық Рахым, Нұрмұхаммед Жақып, Бақыт Тұрман секілді эстрада әншілері әндерімді орындап, сахнаға алып шығып біраз күш-қуат, сенімділік беріп жүр. Жақын арада Баян Есентаеваның жобасы “Лашын” тобының орындауында “Үндеме” атты жаңа әнім шетелде түсіріліп жатқан жаңа бейнебаянмен жарыққа шықпақ.

Ең алғаш жазған әніңіз есіңізде ме?

Мен 4 жылдай Ұлыбритания елінде оқыдым, сол кезде елді сағынып жүріп “Туған жер”-деп аталатын ән шығарған болатынмын, сол менің ең алғашқы әнім. Сол әнді сондағы қандастарымыз тыңдап, біреулер жылап, Наурыз мерекесіне сол әніммен шақырып, қала аралап, қазақтар құрылтайға шақырып сондай қызық болған еді. Ол ән бар, бірақ әлі танымал әншінің орындауында жарыққа шығара қойған жоқпын, өзімнің орындауымда архивімде сақтаулы.

Шығарған әндеріңіздің ішінде хит болған ән бар ма?

Әндерім хит болды деп айта алмаймын, дегенмен де соңғы кезде жақсы таралып жүрген әндерім Ғаділбек Жаңайдың орындауындағы “Орамалым” деген әнім, Қуандық Рахым деген талантты жас әнші бар, сол жігіттің қазір музыкалық жетекшісімін, соның орындауындағы “Сенің күлкіңнен аумайды”-деген әнім. Сол ән ешқандай ротациясыз, бейнебаянсыз, радиоға да бермеген едік дегенмен ғаламтордың арқасында ән жақсы таралып жатыр. Бұл әнге жасалған шамамен 1500-дай cover видео естідік.

Осы әншіге ән жазғым келіп жүр деген әнші бар ма?

Ендігі әнімді Мейрамбек Беспаев ағамыз орындаса деймін, ол кісіге телефон арқылы 2-3 ән ұсынған болатынмын, тікелей өзіне жетпеген шығар деймін. Кездесіп, сұхбаттасып әндерімді естірту жоспарымда бар.

Меніңше ойымша қазіргі таңда “Сенің күлкіңнен аумайды” атты әніңіз көпшіліктің көңілінен шығып жүрген сияқты. Жалпы осы әннің шығу тарихы туралы айтып өтсеңіз…

Шыны керек өз басым табиғатта әсіресе Шымбұлақта, Медеуде тағы да басқа таулы, орманды жерлерде демалғанды жақсы көремін, табиғаттан ерекше әсер аламын. Жалпы өнер адамдары табиғатқа жақын келеді деп ойлаймын. Сол табиғатта жүрген уақытта ыңылдап жүріп, шыққан ән, сөзін де өзім жазған болатынмын. Содан Қуандық Рахым деген бауырым инстаграм желісі арқылы хабарласып, сіздің әндеріңізді тыңдап жүрмін, сізден бір ән алсам деп едім деп келген болатын. Оған менің шығарған әнім ұнап, маған оның дауысы ұнап содан Қуандыққа бірден екі әнімді сыйға тартқан болатынмын. Қазіргі таңда Қуандықтың орындауында төрт әнім бар, әлі де бірге шығармашылық жұмыс істеп, жақсы нәтиже шығатынына сенімдімін.

Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Ғалымжан Сәңкібаев

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.