Мұрат Қожа, әнші: “Астана мен Алматыда ешкім пайдаға кенелемін деп концерт жасамайды”

Жариялаған: , уақыты 16.02.2015 , 2 816 рет оқылды

Мұрат аға, 2015 жылы тыңдармандарыңызды қандай жаңалықтарыңызбен қуантпақшысыз?

–  Қазіргі таңда жеке шығармашылығыммен айналысудамын. Альбом жазып жатырмын. Өзім жаңадан жеке шыққаннан кейін, репертуарымның бәрі жаңа әндер. «Мен сені іздегенім» деген әнге түсірілген бейнебаяным бар, екіншісін күннің жылынғанын күтіп отырмыз. Әрине тек осылармен шектелмеймін. Нақты осылай қыламын деген жылдық жоспарым жоқ, дегенмен жүре бара басқа да жаңалықтардың болары сөзсіз. Оны алдағы уақыттың еншісіне қалдырайық.

– Жеке шығармашылығыңызбен қазір айналысып жатсаңыз да, өнерге келгеніңізге біраз болды. Концерт өткізу ойда бар ма?

– Әлбетте, үлкен қалалар болмаса да, аймақтарға шығып, концерттер өткізіп жүрмін. Жақында Атырау облысын аралап қайттым. Өзге әншілердің аяғы жетпеген аудандарға, ауылдарға барып, концерт қойдым. Облыс орталығынан бес жүз-алты жүз шақырым алыс орналасқан елді-мекендерде де болды.

– Шетелде диск сатып болмаса, концертін өткізіп, табысқа кенеліп жататыны белгілі. Біздің елде концерт  арқылы пайда табуға мүмкіншілік бар ма? Жалпы осындай кештің құны қанша?

– Дәл қазір мүмкін емес. Астана мен Алматыда ешкім пайдаға кенелемін деп концерт жасамайды. Тек өзіңді көрсетуге, осы кезге дейінгі еткен еңбегіңе есеп беру үшін өткізесің. Сарайды, аппаратты, жарықты жалға алып, телерадиоға жарнама жасап, баннерін ілу,т.б. тек техникалық жағының өзі үлкен қаржы талап етеді.Егер үлкен кеш өткізіп, соңғы техникамен жарақтандырамын десең, дайындығыңды, оркестріңді, басқа жұмыстарды қоспағанда, 150 000$ кетеді. Ал бізде  билет бағасы үш мың мен он мыңның арасы. Демек концерт өткізудің қаншалықты «пайдалы» екенін өзіңіз біліп отырған шығарсыз.

– Эстраданың өткені мен бүгініне көз жіберіп көріңізші

Қазір бәрі қаржыға келіп тірелгенмен, қазір шоу жасауға керемет мүмкіндіктерге иеміз. Бұрын ақшаң болса да, қол жетпей, арманда қалған нәрселер болды. Қазір бәрін жасай аласың. Сонымен бірге қазір бәсекелестік үдеп тұр. Эстрадаға бет бұрғандардың саны көбейген сайын, бұрынғыдай суырылып шығу да қиынның қиын. Тек шыдамдылық танытып, ерінбей еңбектенсең ғана озасың.

Халық та бұрынғыдай кез келген концерттерге бара бермейді. Өйткені күн сайын оларда таңдау еркіндігі көп. Тіпті жеке-жеке әншілердің тыңдарманы болып қалыптасып жатыр. Тек өз көңілінен шыққан әншілердің кештеріне барады. Ендігі жерде көрермен үшін де бәсекелестік басталатын сияқты.

– Жалпы, Мұрат аға, жаңа айтып өткендей, шоубиз саласына келгеніңізге ұзақ уақыт болды. Қазір қазақ шоу бизнесі қандай деңгейде?

– Қай деңгейде деп саралайтын болсақ, міндетті түрде шетелмен салыстырамыз ғой. Бірақ олардың деңгейіне жетуге бізге біраз бар. Еңбектену керек. Бізде шоу жасау идеялары кемшін түсіп жатқан секілді. Мүмкін халқымыздың санының аздығы да кесірін тигізуде. Сонымен қатар шоубиз өкілдерін халыққа көрсететін танытатын негізінен телеарналар, радиолар, яғни БАҚ қой. Солардың деңгейі көтерілмей, шоубиздің деңгейін көтеру қиындау сияқты. Дәл қазіргі сәтте отандық телеарналардың өздері көрші Ресейдің өзімен бәсекеге түсе алмай жатыр. Демек, қазақ шоу бизнесін көтеруде әлі де биік белес бар деген сөз.

– «Қазақстанда шоу бизнес жоқ, той бизнес бар» деген пікірлерді жиі еститін болдық. Расымен де солай ма, әлде біз екеуінің де аражігін ажырата алмай жүрміз бе?

– Негізі осының арасын алыстатудың қажеті жоқ сияқты. «Шоу бизнес» дегеннің өзі – шоу жасау арқылы бизнес жасау, кәсіп қылу дегенді білдіреді ғой. Ендеше тойда да шоу жасауға кім кедергі?! Тойда да, сахнада да өз көрерменің. Айырмасы тойға үй иесі шығындалса, концерттерде көрермендер шығындалады. Бірақ бәрібір тыңдайтыны сол бір ән, бір әнші емес пе? Демек «батырға оң мен солы бірдей» демекші, әнші үшін бәрі бірдей болуға тиісті. Бұл – тойға келгендер, мынау – концертке келгендер деп алалауға болмайды.

– Қазақ шоубизі дамыған сайын, жұлдыздар көбейген сайын тыңдарман өз ішінен «Кім мықты?» деп таразылай бастайтыны белгілі. Өзіңіз айтыңызшы, қазір осы салада кімнің аты озып тұр?

– Ол белгілі ғой, қазақ шоубизінде мықты дегенде әншілерден гөрі продюссерлердің еңбектерін айтқан дұрыс. Қазаққа продюссер дегеннің не екенін көрсеткен Қыдырәлі Болман деп ойлаймын. Сонау «АБК» тобынан бастап, қаншама керемет жобаларды жарыққа шығарды. Сонымен қатар Баян Есентаева, Алуа Қонарова секілді мықты мамандарды айтар  едім. Десе де, осындай өз ісінің шеберлері аса көп те емес. Әнші көп болғанмен, шоубизді дамытатын білікті продюссерлер саусақпен санап аларлық. Жаңағы айтқандар секілді ат төбеліндей аз ғана кәсіби топ бар. Қазақ шоубизінің басында тұрғандар деп соларды айта аламын.

– Мұрат аға, сізге көп рахмет! Қазақ шоубизі туралы біраз жайға қанық болған сияқтымыз. Шығармашылығыңызға жеміс тілейміз!

Бір пікір

  1. Мөлдір

    04.03.2015 at 13:42

    Хи хи хи ! Кумирлық белгісін байқадым! 🙂 Бірақ, қазақ шоу бизнесындағы шындықтарды айналып өтпепті. Батыстың өжеттілігі байқалды-ау дим…

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.