Нұрлан Өнербаев: Мені концерттен іздеңдер! - Жұлдыздар Әлемі

Нұрлан Өнербаев: Мені концерттен іздеңдер!

Жариялаған: , уақыты 13.01.2016 , 1  737 рет оқылды

Əнші Нұрлан Өнербаев ағамызбен сөйлесудің сəті түсті. Бала кезін есіне алғыздық. Сосын шығармашылық жаңалықтарын да сұрадық.

– Ауылымыз таудың бөктерінде орналасқан. Терең сайда өзен ағып жататын. Мектепке сол өзеннің көпірінен өтіп баратынбыз. Біз үшін қызықтың бəрі қыста басталатын. Ерте күзде əкелеріміз керзі етік алып беріп қоятын…

Қысқа дейін ол етік киіле-киіле, шаңғы сияқты сырғанайтындай болады. Содан қыс түседі, қар жауады. Мектепке барар жолда өзеннің сайына түсіп, сырғанаймыз.

Кейде сабаққа кешігіп қаламыз. Сабақ арасындағы бес минуттық үзілісте де сырғанаққа шығамыз. Үйге қайтарда да сырғанақтың қызығына батамыз. Етігіміз қатқан мұздан басы қайқиып, аяғымыздан шешілмей қалады. Сонда əжеміз жарықтық аяғымызды созғызып, пештің жанына отырғызып қоятын. Етік əбден жылып, мұзы ериді. Ал суға шыланып, ақжем боп кеткен аяғымызды майлап, орап, əжеміз əлек болатын. Түнімен əлгі етігіміз пештің түбінде тұрып кебеді. Оған таңертең қара кремді жағып, əдемілеп аламыз. Тағы да кешегідей жағдай қайталанады. Қазіргінің балалары солай ойнай ма екен?..

– Нұрлан аға, сіз соңғы кезде көрінбей кеттіңіз. Сахнаға тым сирек шығасыз. Қазір қайдасыз?

– Қазіргі жұрт əншісін сахнадан емес, инстаграмнан іздейтін болды. Егер əлеуметтік желіде жүрсе, ендеше оны бар деп есептейді. Жоқ болса, жоғалып кетті дейді. Мен сияқты əлеуметтік желіні қолданбайтындар бар. Мысалы, мен облыстарға шығып, концерттерге қатысып тұрамын. Бүгін, мінекей, Алматыда отырмын. Мені жоғалтып алған жандар инстаграм мен фейсбуктен емес, концерттен іздесін.

– Қазір қайда қызмет атқарып жүрсіз?

– Көкейіңіздегі тұрған сұрақ мемлекеттік қызмет пе? Мемлекеттік қызметтің ең жоғарғысы – Парламентте де жұмыс жасадық. Бірақ, біздің депутаттық мерзіміміз бітті. Қазір басқа шақырылымдағы депутаттар қызмет атқарып жатыр. Мен қазір өзімнің шығармашылығыммен айналысып жүрмін.

Жаңа жылға құрған біраз жоспарым бар. Көктемнен бастап республиканы аралап, жеке концерттерімді өткізсем деймін. Күзге қарай қорытынды концертті Алматыда не Астанада өткізермін деген ойым бар.

Қарлығаш ДОСАНОВА

Дереккөз: Zhasorken.kz