КӘСІБІН ЕЛ ЕСТІМЕГЕН ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖҰЛДЫЗДАР

Жариялаған: , уақыты 02.01.2016 , 2 019 рет оқылды

Қазір қазақстандық шоу-бизнес өкілдерінің біразы кәсіпкер атанып жүр. Олардың кейбірі жеке студия, продюсерлік орталық ашса, енді біреулері мейрамхана бизнесін жақсы жандандыруда. 

Әнші Алтынай Жорабаева журналистерге берген сұхбаттарының бірінде “Қазақстан темір жолы” компаниясымен бірлесе істейтін отбасылық кәсібі бар екенін айтып қалған.

жорабаева

Әртістің продюсері әрі жары Сәбит Әбдіхалықовқа хабарласқанымызда, ол бұл ақпаратты растады. “Ақбура НС” жауапкершілігі шектеулі серіктестігін Сәбиттің туыстары бірлесіп басқарады екен. Серіктестік жолаушыларға арнап пойыз төсеніш-жамылғыларын тігумен айналысады.

Əнші Роза Əлқожа Алматы қаласынан «Мен сыйға тартқан орамал» деген атаумен орамал дүкенін ашқан болатын. Дүкеннің ашылу салтанатында кәсіпкер өнерпаз өзін құттықтап келген қонақтарға орамал үлестірді. Әнші болашақта кәсібін ұлттық брендке айналдыру жоспарлап отыр.

роза

Бұрынғы “KZ” тобының мүшесі, әнші Рүстем Нұржігіт те шығармашылығы мен жеке кәсібін қатар алып жүр. Оның Алматыда Бұқар жырау-Байтұрсынов және Әуезов-Жандосов көшелерінің қиылысында орналасқан «Coffeetime» атты кофеханалары бар. Жас кәсіпкер қызмет сапасына қатты мән береді екен.

рустем нуржигит 09

“Келушілер тек кофе ішіп кетпей, ләззат алып, демалып қайтса екен”, – дейді әнші жігіт.

Ел аузында Майра Ілиясова мен танымал ақын Айнұр Тұрсынбаева пәтерлерін жалға береді деген мағлұмат бар.

айнур турсынбаева

Майра Ілиясова бұл табыс көзін ешкімнен жасырмайды, тіпті жеке продюсерлік орталығынан да қаржы тауып, бала-шағасының, немерелерінің болашағына қазірден ойлайтынын алға тартады.

Жас әнші Динара Қырықбаева да  отандық нарықта өз орнын тапқан кәсіпкер. Оның той мен әр түрлі сауық кештерін ұйымдастыратын, әдемілеп безендіретін ивент агенттігі бар.

кырыкбаева the-look.ru

Естеріңізге сала кетейік, Ұлықпан Жолдасовтың ұлы Болаттың үйлену тойын безендіру Қырықбаеваның қоластындағы жұмысшыларға тапсырылған болатын.

мейирбеков

Ал Ақжол Мейірбековтің отбасылық кәсібі болып есептелетін туристік фирмасы туралы жұртшылық әсте біле бермейді. Өнер иесінің бұл кәсіпті дөңгелетіп отырғанына 15 жылдан асқан. Танымал әртіс бизнесінің арқасында әлемнің біраз жерін аралап келген көрінеді.

абдуллин

Қазақстандық шоу-бизнестің тағы бір өкілі Нұрлан Абдуллиннің Астанада “Абдулла” атты үлкен мейрамханасы бар. Әртістің өзі бұл кәсібін бірнеше адаммен бөлісіп отырғанын айтады.

“Бизнесті жүргізіп отырған бірнеше партнер (әріптес) жігіттер бар ғой”, – дейді Абдуллин әңгімені басқа арнаға аударғысы кеп. Әнші жеке кәсібі туралы ашып айтқысы келмесе де, біраз істің басын қайырып жүрген сыңай танытты.

болманов yvision.kz

Ұлттық ойыншықтар шығарумен айналысатын Қыдырәлі Болмановтың осы кәсіппен табыс тауып жүргеніне бес жылдың жүзі болған.

каракат кыдырали tengrinews.kz

Тірлікке епті Болманов жан жары Қарақат Әбілдинаның жеке мектеп-студиясын ашуға да атсалысқан. Қазірде Қарақат студиясының қарлығаштары түрлі халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындар иеленуде.

Болмановтың ойында әлі талай жоба бар. Солардың бірі – дарынды балалар мектебін ашу екен. Айта кетерлігі, жақында Болмановтар отбасы тағы бір отандық өнімді айналымға шығарды. Ол – қуат көзі бірнеше есе көп батарейкалар.

токтар сериков altaynews.kz

Тоқтар Серіковтың ат баптайтын қасиеті тыңдармандарына таңсық емес. Әртіс жеке шаруашылығын ашып, қазірде сахнада көп көрінбейтін болды. Соған қарағанда, Тоқтардың шығармашылығынан гөрі шаруашылығы көп пайда әкелетін сыңайлы.

Ақылбек Жеменей

Ақылбек Жеменей де кәсіпкер әріптестерінен қалыспай, “Zhemeney records” студиясын ашып, тіпті “Zhemeney” брендімен тіктірілген пиджагын отандық телеарналардың бірінде ұсынып үлгерді. Әртістің киім өндіретін кәсібі ерлерге арналған киім тігумен айналыспақ.

шакизада

Ал әнші Шәкизада ән айтудан бөлек, біраз жыл бойы “Л-капитал” инвестициялық компаниясында қаржы кеңесшісі болып қызмет атқарады. Нарықта құнды қағаздарды сатуға білек сыбана кіріскен әртіс бос уақытында сахналық әріптестеріне ақшамен баю жолдарын айтып жүреді.

“Сахнада жүрген соң, жаңа көйлек керек. Халық алдына әдемі боп шыққың келеді. Оның бәрі ақшаға келіп тіреледі. Бала-шаға деген тағы бар. Оларға да көмектескің келеді. Бір әнмен күн көру мүмкін емес”, – деді Шәкизада.

Nur.kz