Роман Ким: “Ұлытау” тобының алғашқы əншісі болмақпын.

Жариялаған: , уақыты 17.11.2015 , 7 912 рет оқылды

a512e40e3580916688b61bcf93f029f1

Ең алғашқы «Superstar.kz» əн байқауын көрмеген боларсыңдар. Өйткені, ол 2003-2004 жылдары өткен еді. Сонда бүкіл республика бойынша бақ сынаған 5 жарым мыңнан аса үміткердің ішінен финалға тек 12 өнерпаз жеткен болатын. Олардың қатарында Айқын Төлепберген, Мақпал Исабекова, Əсем Жəкетаева, Гүлнара Селбаевалар бар. Ал супер финалға Алмас Кішкенбаев пен Роман Ким жетті. Сонда Роман Алмасқа бар-жоғы 5 пайыздық дауыс ерекшелігімен жол берген-ді. Алғашқы суперстарлықтардың көпшілігі ел алдында жүр. Ал, Роман қайда жүр? Неге эстрадалық түрлі кештерден оны кездестірмейміз? Бір жылдары Испанияға кеткенін естігеніміз бар. Тіпті, оның өнеріне қызыққандар азаматтығын Испания, не Германияға ауыстыруын ұсынғанын да есіткенбіз. Əйткенмен, ол Қазақстанын, оның ішінде өзінің туған Теміртауын ешнəрсеге айырбастағысы келмейтінін айтқаны бар. Əлеуметтік желілердегі парақшасында да Теміртауын насихаттаудан жалықпайды өзі. Содан сұхбаттасып, хал-жайын сұрастық. Сөйтсек…

Р.Ким: Мен музыкадан, əншіліктен ешқашан айныған емеспін. Алматыда тұрамын. Соңғы жылдары Ресеймен мəдени байланыстамын. Ол жақта да жиі өнер көрсетіп тұрамын.

2013 жылы Ресей мəдениетінің дамуына қосқан үлесім үшін «Əнші-сазгер» номинациясы бойынша марапатталып, «Қанатты Ника» сыйлығының иегері атандым. Менің «Во имя добра» атты композициям Мəскеуде осы аттас спорттық-мəдени фестивальдің негізінің қалануына себепкер болды. Ол фестиваль – əлеуметтік жоба. «Во имя добра» деп аталатын сол əніме Теміртауда бейнебаян да түсіргенбіз.

show1

Ұлан: Байқауымша, сіз қазір орыс тіліндегі əндерді көбірек орындайсыз, қазақша концерттерде көрінбейсіз…

Р.Ким: Қазақша əндерді орындап жүрмін. Жақында Олжас Баймаханов пен Сержан Əділшыновтың өлеңіне жазылған Олжастың «Елес сезім» əніне бейнебаян түсірдік. Байқасаңыз, бейнебаянымның бəрін де Теміртауда түсіремін. Алматы мен Астананы бəрі көрсетіп жүр ғой, ал мен Теміртауымды көрсеткім келеді. Мені көпшіліктің жаппай көре бермейтін себебі – негізінен мемлекеттік шараларда өнер көрсетемін. Өйткені, əнді оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыста ғана орындаймын. 2005-09 жылдары Испанияда тұрдым. Елге оралған соң өнерпаз жастар боп топ құрғанбыз. Ал қазір жеке шығармашылықпен айналысып жүрмін. Айта кетерлігі, менің бейнебаяндарым біздің елдегі көрсетіліп жүрген бейнебаяндардан өзгешелеу жанрда. Оның бəрі Испанияда жүргенде үйренген тəсілдерім десем болады. Өзгелерден аз да болса өзгешелігің болуы керек қой.

 «ҰЛАННЫҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Туған жылы: 16 желтоқсан, 1985 жыл

Сүйікті музыкалық аспаптары: скрипка, фортепиано, саксофон, гитара

Музыкалық білімі: 4 жасынан скрипка класында оқыды, 16 жасында музыкалық мектепті үздік бітірген. Жезқазған қаласындағы өнер колледжін хор дирижері мамандығы бойынша тəмамдаған.

«Superstar.kz»-ке дейінгі жетістігі: «Əнші балапан», «Жас қанат» байқауларының жеңімпазы

Ұлан: Испанияда төрт жыл бойы немен айналыстыңыз?

Р.Ким: Ол кезде жас болдым, тəжірибе жинасам, жаңа дүние үйренсем деп бардым. Өзімді дамытқым келді. Испан еліндегі əртүрлі музыкалық шараларға қатыстым.

62690

Ұлан: Суперстарлық достарыңызбен əлі күнге араласып тұрасыз ба?

Р.Ким: Ə-əрине! Көбінесе концерттерде көрісіп қаламыз. Əйтеуір көріскен кезде ешкім де бетін теріс бұрып қашпайды (күліп).

Ұлан: Сазгерлігіңізді білеміз. Ең алғашқы əніңізді қай жасыңызда жаздыңыз, есіңізде ме?

Р.Ким: Иə, 13 жасымда. Əн туған қалам туралы болатын.

Ұлан: Бүгінге дейін қоржыныңызда қанша авторлық əніңіз бар?

Р.Ким: Ө-ө-те көп. Санамаппын. Жеке архивімде жатқан əндерім де баршылық.

Ұлан: Продюсеріңіз бар ма?

Р.Ким: Жоқ.

Ұлан: Роман, сізді көпшілік тыңдарман сағынды. Жəне сізден бір ерекшелік күтеміз, түсінесіз бе?

Р.Ким: (Жымиып) Айтпақшы, өзімді тағы бір жаңа бағытта сынап көрмекпін. Яғни, «Ұлытау» тобының жеке орындаушысы болмақпын. Қазір дайындық жүріп жатыр.

Ұлан: «Ұлытау» тобында əншілер жоқ еді ғой?

Р.Ким: Иə, бұрын болмайтын. Енді топтың тарихында мен алғашқы əншісі болмақпын (жымиып).

Ұлан: Бəрекелді! Осы жаңа нұсқаны асыға күтеміз, ендеше!

P.S. «Superstar.kz» байқауына қатысқан 18 жасар Роман қандай еді, əлі сол қалпы. Мінезін айтам. Күйіп-піспейді. Өзіне сенімді адамның қалпы ғой. Қазақша əндерді орындап жүргенін білсем де, «орысшаны көбірек орындайсыз» дедім. Өзгелер «жо-о-оқ, сіз өзіңіз мені тыңдамай жүрсіз» деп шығар ма еді. Ол байсалды қалпынан танбай, сөзіңнің соңын күтіп, асықпай жауап береді. Қабақ шытпай, жымиып отырады. Кейбір өзі қатарлас əншілерде кездесе бермейтін жауапкершілігін де байқадым. Сұхбатымыз келіскен уақытта өтті. Поштама жолдаймын деген суреттерін де уақытынан кешіктірмеді. «Кейбір мəліметтерді қосымша СМС-пен жазып жіберейін, сізге ыңғайлы болсын» дейді. Қысқасы, кішіпейілдігіне риза болдым.

Қарлығаш ДОСАНОВА

(«Ұлан» газеті, №46, 17 қараша 2015 жыл)

Дереккөз: Zhasorken.kz